2022 жылдың 14-15 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының астанасында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезі өтеді – бұл Қазақстан пандемия басталғаннан бері өткізіп жатқан бірінші ірі халықаралық шара. VII Съезд жұмысына әлемнің 50 елінен 100-ден астам делегация қатысады. Іс-шараның толық бағдарламасы бүгін ресми түрде жарияланды.
Съезд өтетін орынның дін лидерлерінің әлемнің постпандемиялық дамуының күн тәртібін талқылауы тұрғысынан алғанда маңызы зор. Осыған байланысты Съездің негізгі тақырыбы «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі» болды.
Съезд форматы дін лидерлерінің әртүрлі кездесулерін, Съездің салтанатты ашылуы мен жабылуында пленарлық отырыстарды өткізуді; төрт секциялық отырысты; Қазақстан Республикасы Президентінің, Съезд Хатшылығы Басшысының делегация басшыларымен және Съездің беделді қатысушыларымен екіжақты кездесулерді қамтиды.
VII Съезд қарсаңында, 13 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезд Хатшылығының меңгерушісі Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Съезд Хатшылығының ХХ отырысы өтеді. Кездесу сағат 10.00-де Бейбітшілік және келісім сарайында болады.
14 қыркүйекте - Тәуелсіздік сарайында сағат 10.00-де Съездің ресми ашылуы, дұға бағыштау үшін ол бір минут үнсіздікпен басталады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөз сөйлейді. Сондай-ақ түрлі елдерден келген делегация басшыларының құттықтау сөздері жоспарланған.
Съезд «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі» тақырыбындағы пленарлық отырыспен ашылады.
Пленарлық отырыс барысында «Дінаралық диалогқа қосқан үлесі үшін Астана халықаралық сыйлығының» номинанттарын марапаттау, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің құрметті медальдарын тапсыру жоспарланған.
Пленарлық отырыс шамамен сағат 17.00-де аяқталады - дәл осы уақытта Рим Папасының қасиетті Мессасы жоспарланған. Мессаға әлемнің түкпір-түкпірінен мыңдаған қажы қатысады.
Съезд 15 қыркүйекте Бейбітшілік және келісім саябағында ағаш отырғызу рәсімімен жалғасады. 60-тан астам жапырақты және қылқан жапырақты ағаштар отырғызылады, бұл - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің делегация басшыларының саны. Келер жылы салынуы жоспарланған Бейбітшілік пен келісім концептуалды саябағы Қазақстандағы түрлі конфессиялар мен ұлттар арасындағы ынтымақтастықты, достық пен бірлікті бейнелейді. Табиғи және демалыс саябағы Есіл өзенінің бойында орналасады.
Салтанатты шара аяқталғаннан кейін сағат 10.00-ден 15.00-ге дейін VII Съездің 4 секциялық отырысы өтеді.
- №1 секция: «Қазіргі заманда рухани және адамгершілік құндылықтарды нығайтудағы діндердің рөлі».
- №2 секция: «Діндер мен мәдениеттердің өзара сыйластығындағы және бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы білім мен діни ағартудың рөлі»
- №3 секция: «Дін лидерлері мен мемлекет қайраткерлерінің жаһандық дінаралық диалог пен бейбітшілікті ілгерілетуге және экстремизмге, радикализмге, терроризмге қарсы іс-қимылға қосқан үлесі».
- №4 секция: «Әйелдердің қоғамның салауатты және орнықты дамуына қосқан үлесі мен әйелдердің әлеуметтік мәртебесін қолдаудағы діни қоғамдастықтардың рөлі».
Секциялық отырыстар соңында сағат 15.00-де Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII Съезінің жабылу рәсімі өтеді.
Осы салтанатты шара аясында делегация басшыларының сөз сөйлеп, жалпы қорытындылауы күтілуде. Жабылу салтанатының ең маңызды сәті VII Съезд жұмысының қорытындылары туралы негізгі құжат – Қорытынды Декларацияны қабылдау болмақ. Декларацияның мазмұнында қазіргі заманның өзекті мәселелерінің пайымдауы, оларды шешудің ықтимал жолдары, сондай-ақ әлемдік діндер лидерлерінің ниеттері, халықаралық қоғамдастыққа үндеулері көрініс табады. Декларация БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясының ресми құжаты ретінде таратылады деп күтілуде.
Барлық соңғы жаңалықтарды https://religions-congress.org/ сайтынан білуге болады.