Қазақстан біртіндеп халықаралық әуе қатынасын қалпына келтіруде. Қазіргі таңда 25 елге (Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Ұлыбритания, Венгрия, Вьетнам, Германия, Грузия, Үндістан, Катар, Корея, Кувейт, Қырғызстан, Мальдив, Нидерланды, БАӘ, Польша, РФ, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Таиланд, Түркия, Өзбекстан, Украина және Шри-Ланка) аптасына 76 бағыт бойынша халықаралық тікелей рейстер жүзеге асырылады.
2022 жылғы 1 ақпаннан бастап Кувейт «Jazeera Airways» авиакомпаниясы Алматы – Эль-Кувейт бағыты бойынша тұрақты рейстер санын аптасына 2-ден 3 рейске дейін ұлғайтты.
2022 жылғы 7 ақпаннан бастап «Lufthansa» неміс Авиакомпаниясы Франкфурттан Нұр-Сұлтан мен Алматыға аптасына 2 рейс жиілігімен Қазақстанға ұшуды жаңартуды жоспарлап отыр. Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін Lufthansa Қазақстанмен әуе қатынасын 2022 жылдың 22 қаңтарына дейін тоқтатқан болатын.
18 ақпаннан бастап Баку-Ақтау-Баку бағыты бойынша тікелей әуе қатынасы ашылады.
Сонымен қатар, FlyArystan бюджеттік әуе желісі Қазақстаннан Ресей қалаларына жаңа тікелей рейстерді іске қосады. 2022 жылғы 23 ақпаннан бастап Алматы – Екатеринбург – Алматы рейсі (аптасына 1 рет); 2022 жылғы 26 ақпаннан бастап – Нұр-сұлтан – Екатеринбург – Нұр-Сұлтан рейсі (аптасына 1 рет); 2022 жылғы 26 ақпаннан бастап Алматы – Омбы – Алматы рейсі (аптасына 1 рет) орындалады.
Рейстер санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып және әуекомпания сайтында жарияланған кестеге сәйкес орындалатын болады.